Skip to content

МҰНАЙЛЫДА ӨТКЕН ТУРНИР «Спорт жұлдыздары» журналы мен ҚР Президенттік сынақ…

МҰНАЙЛЫДА ӨТКЕН ТУРНИР

«Спорт жұлдыздары» журналы мен ҚР Президенттік сынақ және президенттік көпсайыс федерациялар одағы бірігіп, 8 – қараша күні Қарағандыда көпсайыстан республикалық турнир өткізетін болғанбыз. Өкінішке орай, елімізде карантиндік жағдайлардың күшейіп кетуіне байланысты, СЭС-тен жарысқа рұхсат ала алмадық. Одан кейін турнирді онлайн өткізуге шешім қабылдадық. Ол үшін қатысушылар өздері тұратын жерлерінде кросс пен спринтке жүгіріп және күштік гимнастикадан өнер көрсетіп, видеосын бізге жібереді. Біз сол бойынша хаттама даярлап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтаймыз. "Турнир 8-қараша күні болады"- деп Қарағандыға билет алып қойған әріптестер келе береді. Біз де олар үшін Қарағандыға барып, сол жерден марапаттарын табыс етеміз. Ал, келе алмағандарға марапаттарын салып жібереміз.
Бүгін Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданында турнирге қатысушылар өзара сайысқа түсіп, жарысты өте жоғары деңгейде өткізді. Оған 13 адам қатысып, норматив тапсырды. Енді, олар бізге мәліметтерін жібереді. Сол бойынша хаттама толтырамыз.
Мұнайлыда өткен тартысқа толы доданы ұйымдастырған Бақтығұл Наурызбек інімізге өз ризашылығымызды білдіреміз. Бар болғаны 22 жаста болса да, Наурызбек бізге салмақ салмай, аудандық спорт мектебімен өзі келісіп, стадионын алып, қатысушылардың басын қосып, жарысты өткізіп жіберді. Тіпті, қызу өлшейтін құралмен бәрін тексеріп, кіргізіп, бір метр ара қашықты сақтап, маска режиміне дейін қадағалапты.
Қазақ «Жас келсе іске» дегенді осындайда айтқан шығар?! Бұйырса, жақын күндері Наурызбек інімізге «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының Маңғыстау облысының меншікті тілшісі куәлігін табыс етіп, жас та болса, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары екенін дәлелдеген інімізді өз қатарымызға қосып алғымыз келіп отыр.
Алдағы уақытта Наурызбек Талғатұлы Тараздағы Болатбек Тұрарұлы ағасы сияқты журналымыздың жұмысын киелі Маңғыстау өңірінде де дөңгелетіп әкетеді деген ойдамыз! Наурызбек қолынан іс келетіндігін бүгін іс жүзінде дәлелдеді. Жарайсың, Наурызбек!!!

"Спорт жұлдыздары" республикалық журналының бас редакторы, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақ спорт және Туризм академиясының құрметті профессоры:Тасқалиев Мұсағал.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *